Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында Түркістан облысында «Күй күмбірі» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Игі бастама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында өткен ерекше форматтағы челленджде 300-ден астам жас өнерпаз бір мезетте домбыра тартып, ұлттық өнердің айрықша үлгісін паш етті. Атап айтқанда, оқушылар қазақ күй өнерінің жауһарлары – Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін орындап, Наурызнама рухымен шабыттанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Аталған іс-шараның басты ерекшелігі – жас өнерпаздардың Наурызнама аясында ерекше шабыт алып, күй өнерін бір мезетте орындауы болды. Бұл – ұлт руханиятын жаңғыртып, жас буынның дәстүрге деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Іс-шараға жетекшілік еткен мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға оң ықпал етеді. Айта кетейік, бұл игі бастама жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, қазақтың күй өнерін кеңінен дәріптеуге бағытталған. Наурызнама онкүндігі аясындағы мұндай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.