Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Түркістан қалалық мәдениет үйінде «Наурызнама – дәстүр дәріптелген күн» атты мерекелік театрландырылған іс-шара өтті. Мерекелік бағдарлама аясында қонақтарды өнерпаздар «Ауылдың алты ауызы», «Жарапазан» халық әндерімен қарсы алды. Сондай-ақ «Угайым-ай» әжелер хоры өнер көрсетіп, келушілерге «Наурыз дәмдері» ұлттық тағамдарын ұсынды.


 Сахнада «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі «Әр ұлт әуендері» композициясын орындап, Қ. Аманбаев «Домбыра» әнін шырқады. Театрландырылған көріністе «Күн мен Түн» бейнелері арқылы табиғаттың жаңаруын бейнелейтін сахналық қойылым ұсынылды. Сонымен қатар Наурыз аруы, Ұмай ана, Қыдыр ата бейнелері қатысқан «Тазару рәсімі» көрермен назарына ұсынылды.


 Шарада ел ағалары халыққа мерекелік құттықтауларын жеткізді. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.


 Бағдарлама аясында тұсау кесу рәсімі өтті. Сонымен қатар мерекелік кеш барысында «Қара жорға», «Әз Наурыз», «Балауса», «Ақ тілек» әндері орындалып, «Этностайл», «Семсер» топтары мен басқа да өнерпаздар халық әндерінен попурри орындады.