Шымкентте отбасылық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Шаңырақ күні» ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен өткен бұл шара ұлттық құндылығымызды паш етіп, асыл мұрамызды дәріптеді. Алқалы жиында ақ жаулықты аналар әуелей ән шырқап, төгіле би биледі. Көрерменге рухани әсер сыйлап, мерекелік кештің көркін ашты.
ӘБИБУЛЛА ҚАЛЫМБЕТ, «ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ
Осы жерде басқармаға қарасты орталықтардың ұйымдастыруымен арқан тарту, асық ойнау, қол күрес сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып жатыр.
Мереке тек ән-думанмен шектелген жоқ. Білектілер күш сынасып, ептілер бақ сынады. Ұлттық ойындардан ұйымдастырылған жарыстар тартысқа толы өтті. Қатысушыларға қазылар алқасы әділ төрелік етіп, жеңімпаздарға арнайы марапат табысталды.
ҒАЛИЯ АЙЫМБЕТОВА, «АСЫЛ ӘЖЕЛЕР» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Мен бүгінгі шараның әділ қазылар мүшесімін. «Асыл әжелер» қауымдастығынан келген ақ жаулықты аналар ән шырқап, мерекеге көрік беруде. Ер азаматтар ұлттық ойындарымызды дәріптеп жатыр. Бәрінің көңіл-күйі ерекше. Мерекемен баршаңызды құттықтаймын.
Шараға жиналған жұртшылық бір-бірін мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді. «Шаңырақ күні» көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық бірегейлігімізді айшықтай түсті.