Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» мәдениет және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге арналған тағылымды кездесу өтті. Кездесу барысында ұлттық дәстүрлер туралы бейнеролик көрсетіліп, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ән шырқап, жиынға ерекше ұлттық рух сыйлады. Сондай-ақ қатысушы жастарға «Бестемше», «Асық ату» ойындарының ережелері түсіндіріліп, олар іс жүзінде ойнап көрді.


Жиынға қатысушыларға «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ардагер әжесі қазақ халқының салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәні туралы ой бөлісті. Кездесудің мақсаты – ата-бабадан аманат болған салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау.


Бұл күні Түркістан қаласы білім бөлімі өнер мектебінің директоры ұлттық өнер мен рухани мұраның маңызы туралы айтты. Ұлттық зияткерлік ойындардың тарихы мен тәрбиелік мәні де осы жиында сөз болды.


Кездесу барысында жастар мен қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, ұлттық мұраны сақтау мен дәріптеу жайы кеңінен талқыланды. Шара соңында қатысушылар бір-бірін Наурыз мерекесімен құттықтап, ұлттық салт-дәстүр – ұлт рухының мәңгі тірегі екенін атап өтті.