Шымкент қаласында көркем гимнастикадан жастар және жасөспірімдер арасында «Nauryz Cup» ашық чемпионаты басталды. Оған еліміздің 5 өңірінен спортшы қыздар қатысуда. Олар жекелей және топтық бағдарламалар бойынша бақ сынауда.
Жастар және жасөспірімдер арасындағы «Nauryz Cup» ашық чемпионаты 18–21 наурыз аралығында өтеді. Жарысқа еліміздің өңірлерінен бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстаннан да 500-ден аса гимнаст қыз қатысуда.
ӘЛИЯ ЮСУПОВА, КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚР ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ
Бүгін жарыстың алғашқы күні. «Nauryz Cup» аясында кішкентай қыздар өнер көрсетіп, спортшылардың дайындығын байқап жатырмыз. Алдағы уақытта юниорлар арасында Азия чемпионаты өтеді. Соған үміткер қыздарды іріктеудеміз. Қай өңірде қандай спортшы өсіп келе жатқанын бақылап отырмыз. Өзбекстан мен Қырғызстаннан да спортшылар келді. Жалпы 500-ден аса қатысушы бар. Жарыс 4 күн бойы өтеді.
Чемпионаттың ашылу салтанатында халықаралық ареналарда өнер көрсетіп жүрген жерлестерімізге халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігі табысталды. Сондай-ақ іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған бүлдіршіндерге медальдар мен алғыс хаттар берілді.
МУСЛИМ ШАНАЗАРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Бұл жарыста Шымкент қаласының құрама командасына іріктеу жүргізіледі. Сәуір айында, 1–4 күндері ҚР кубогы, ал 20–26 сәуір аралығында Қазақстан чемпионаты өтеді. Осы жарыстарға ең мықты спортшыларды дайындаймыз. Құрамаға енетін қыздар жақсы нәтиже көрсетуде.
Бүгінде қалалық көркем гимнастика спорт мектебінде 40-тан аса жаттықтырушы-хореограф жұмыс істейді. Олар 300-ден аса балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.