«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шымкенттегі Кәсіби даму институтында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Ұлттық даму контекстіндегі педагогикалық мәдениет» тақырыбында өткен жиында ұлттық құндылықтарды білім беру саласына енгізу мәселесі талқыланды.
Конференцияға Zoom арқылы Грекия, Моңғолия, Ресей және еліміздің 20 өңірінен білікті педагогтар онлайн қатысты. Әрбір қатысушы тақырыпқа тұздық болар тұщымды пікір айтып, талқы алаңын қыздырды. Ұстаз мәдениетін ұштау, білім беру сапасын жетілдіру, ұлттық құндылықтарды қаптап оны дәріс барысында қолдану жайы сөз болды. Меруерт Медетбекованың сөзінше, мұғалім «ұстаз» атты ұлы атауға лайық болуы үшін ең алдымен ағартушы болуы тиіс. Шәкіртке сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетуі қажет.
МЕРУЕРТ МЕДЕТБЕКОВА, «ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІБИ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Біз айтамыз: «Тәрбие береміз, тәрбие береміз» деп. Негізінде тәрбие берілмейді, тәрбие көрумен келеді. Яғни, шәкірт бойына тәрбие сіңіру үшін мұғалімнің бойында сондай қасиет қалыптасуы керек. Мәдениет, интеллект қалыптасуы керек. Ал интеллекті жоғары мұғалім алдында отырған оқушыларға жаман әрекет көрсетпейді.» «Мектептегі мұғалім күшті болса, бала сол ең жақсы қасиетті бойына сіңіріп шығады.»
Түске дейін пленарлық отырыс жоспарланған. Ал түстен кейін бес бағыттан тұратын секция жұмысын бастады. Онда заманауи мұғалім бейнесі, құндылыққа негізделген тәрбие, цифрлық трансформация, білім сапасын басқару сынды өзекті мәселелер сөз болды. Шетелдік және отандық педагогтар өзара тәжірибе алмасып, білгенімен бөлісті.
«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІБИ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ КАФЕДРА МЕҢГЕУШІСІ
– «Негізгі мақсаты – ұлттық мәдениетті қалыптастыру. Бүгінгі халықаралық конференцияға шетелдік педагогтар қатысып жатыр.» «Ұлттық құндылықтарды әр пәнге кіріктіру үшін біз биыл «Адал азамат» тұжырымдамасын құрастырдық.»
Конференция барысында мамандар инновациялық және цифрлық педагогиканы, педагогикалық рефлексия мен басқару мәдениетін жетілдіруге бағытталған тиімді тәжірибелерін ортаға салды.