Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күні елімізде кең көлемде аталып өтіп жатыр. Мерекенің басты мақсаты – ата-баба мұрасын дәріптеп, ұлттық болмысты жаңғырту.



ТАҢНҰРЫ ӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Күнтізбеде нақты белгіленген ұлттық киім күні – 18 наурыз. Қазақстандықтар бұл мерекені 2024 жылдан бері ресми түрде тойлап келеді. Бүгінде қазақи нақыштағы киімдер тек мерекелерде емес, күнделікті өмірде де сәнге айналып отыр. Осыған орай қала аумағында түрлі іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастырылуда.


 Ұлттық киім – халықтың тарихы мен танымынан сыр шертетін мәдени мұра. Заманауи үлгіде жаңғырып, күнделікті өмірге қайта енген. Шапан, камзол, сәукеле мен тақия – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен шеберліктің жемісі.


Соңғы жылдары Қазақстанда этно-стильдегі киім өндірісі дамып келеді. Дизайнерлер ұлттық элементтерді заманауи сән индустриясына енгізіп, халықаралық подиумдарда таныстырып жүр. Сарапшылар мұны мәдени кодты сақтаудың тиімді жолы деп бағалайды.


НҰРЖАНАТ ДОСАЕВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ДИЗАЙНЕР
Мен қазір Маңғыстау облысынан Меруерт Балманова және Асыл Мұра деген брендтерді алып келдім. Бұл брендтер ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи стильге келтіріп жасайды. Біздің ою-өрнегіміз ата-бабамыздан қалған мұра.


Көрмеде отандық және жергілікті дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің қатысуымен 11-ге жуық бренд туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар ұлттық киімдердің заманауи үлгілерін таныстырып, дәстүр мен сәннің үйлесімін көрсетті. Сонымен қатар жас ерекшеліктеріне сай коллекциялар сахна сән көрсетілімінен өтті.


БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Биылғы жылы Президентіміз «Цифрлы Қазақстан – Жасанды интеллект жылы» деп бекіткен болатын. Сол бағытта ұлттық киімдер күні де атап өтілуде.


Шараға жиналған қала тұрғындары ұлттық нақыштағы киімдердің әсемдігіне куә болып, қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтарын арттырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық болмысты сақтап, оны кейінгі буынға жеткізуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан ұлттық киім күні – тек сән мерекесі емес, дәстүрді насихаттайтын маңызды дата.