Шымкенттік дәрігерлер мишықтағы ірі ісікті алып тастады. 60 жастағы науқас ұзақ уақыт бойы басының ауырып, айналатынына шағымданып жүрген. Соңғы екі аптада жүрегі айну, құсу және бетінің қисаюы байқалғаннан кейін бас миына МРТ тексеруі жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде мишық аймағында көлемі 5×6 см болатын ірі ісік анықталды.
Алматы қаласының тұрғыны Шымкентке арнайы келіп, қалалық №2 ауруханаға жатқызылды. Үш күндік дайындықтан кейін науқастың миына операция жасалды. Операцияның күрделілігі ісіктің мишықтың аса маңызды орталықтары мен күрделі жүйке талшықтары тығыз орналасқан аймақта орналасуымен байланысты болды. Бұл аймақта тыныс алу, қозғалыс үйлесімділігі және басқа да маңызды функцияларға жауап беретін құрылымдар бар. Сондықтан хирургиялық араласу жоғары дәлдікті, тәжірибені және заманауи нейрохирургиялық әдістерді талап етті. Операция сәтті өтіп, қазіргі таңда науқас палатаға ауыстырылды, жағдайы тұрақты. Басының айналуы мен ауыруы, жүрек айнуы басылған. Науқас 5–6 күннен кейін үйіне шығарылуы жоспарланып отыр.