Елімізде ерекше оқиға. Түркістандық студент өзінің кішкентай аттасын құттықтау үшін Маңғыстауға арнайы сапарға шықты. Қос кейіпкердің де есімі – Атазаң. Бұл сапар ұрпақтар сабақтастығы мен елдік мұраттың көрінісіне айналды.
Түркістан облысы, Ленгір қаласының тұрғыны Атазаң есімді студент Маңғыстауға бет алды. Оның мақсаты – 15 наурызда дүниеге келген кішкентай Атазаңға ақ батасын беріп, сүйінші сұрау. Есімі ерекше сәбидің хабарын естіген ол мұны жай сәйкестік емес, елдік бірліктің нышаны деп біледі.
Айта кету керек, бұл бастама Президенттің ел тәуелсіздігі мен Ата заңның тұғырын нығайту бағытындағы идеологиясымен астасып жатыр. Үлкен Атазаң кішкентай аттасына сый-сияпатын әзірлеп, Маңғыстау өңіріне рухани көпір орнатуды көздеген.
Жұртшылық бұл оқиғаны жақсылыққа балап отыр. Маңғыстаулық сәбиге Бекет атаның киесін, ал түркістандық студентке Төле би бабамыздың әділдігін тілеген көпшілік үшін Атазаңдар – еліміздің жарқын болашағының кепілі.