Шеткі елді мекен тұрғындары үшін спорт нысандары жеткіліксіз. Сондықтан жауаптылар шалғай шағынаудандардан жер телімдерін қарастырып, спорт залдарын көбейтпек. Сонымен қатар, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешендері салынады.


 2025 жылды Шымкенттің спорт саласы жемісті аяқтады. Бірнеше спорт нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, FIFA талаптарына сәйкес келетін футбол стадионының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал жергілікті спортшылар халықаралық чемпионаттар мен ел ішінде ұйымдастырылған жарыстарда 59 алтын, 71 күміс және 71 қола медаль жеңіп алды.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сонымен қатар, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 ҚР спорт шебері, 56 спорт шеберіне үміткер спортшы дайындалды. ҚР ұлттық құрама сапына енген спортшылар саны – 1240, оның ішінде ересектер – 447, жастар – 447, жасөспірімдер – 346.


 Биыл шаһардағы спорт саласын дамытуға қала бюджетінен 21,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға 319 млн теңге бағытталған. Ал демеушілер есебінен 2 жаңа спорт нысаны салынатын болады.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Демеушілер тарапынан 2 спорттық нысанның құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда: Қайтпас шағынауданындағы №58 мектептің ескі ғимараты орнына дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады; Ипподром аумағында қосымша 150 адамға арналған қонақ үй мен 150 атқа арналған атқораның құрылысы жүргізіледі.


 Шымкентте жалпы 35 спорттық ұйым бар. Бұл мекемелерде спорттың 65 түрімен шұғылдануға болады. Сонымен қатар, шалғай орналасқан елді мекендерде жер телімдері қарастырылып, спорт нысандарын салу жоспарланған. Нәтижесінде Ақтас, Бадам-2, Көкбұлақ және Қызылжарда балалардың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік туады.