Цифрлық аутизм. Бұл ұғым жайлы естуіңіз бар ма? Таң атқаннан кеш батқанға дейін телефонға телмірген бала осы дертке ұшырауы мүмкін. Сөйлеуі кешеуілдеп, есте сақтау қабілетіне қауіп төнеді. Балам тынышталсын деп қолына телефон ұстата салған ата-ана, ақыр соңында мамандарға жүгінуге мәжбүр болады. Ал бұл мәселенің шешімі қандай? Тілшіміз тарқатады.


 Бұрынғының баласы жеті атасын жатқа білсе, бүгінгінің бүлдіршіні бірнеше сөздің басын құрап айтуға қиналады. Гаджетке тәуелді сана қоршаған ортаны толық қабылдай алмайды. Себеп біреу – цифрлық тәуелділік. Мәселен, Асанәлі Мұқат 5 жасына дейін ойын анық жеткізе алмаған. Қазір логопедтің көмегіне жүгініп жүр. Ата-анасы электронды құрылғыларды пайдалану уақытын шектеген соң, баланың сөздік қоры арта бастаған.


 БАТЫРХАН ҚАРАҚОЙШИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Шынымды айтсам, бұрын балам жыламасын, тыныш отырсын деп қолына телефонды жиі ұстата беретінбіз. Сол кезде оның зияны барын онша түсінбедік. Бірақ уақыт өте келе баламыздың сөздерді анық айтпайтынын, өз ойын жеткізуге қиналатынын байқадық. Содан кейін мамандарға жүгініп, кеңес алдық.Қазір біз гаджет қолдану уақытын қатаң шектедік.


Экраннан көз алмайтын жеткіншектер ұзақ мәтінді қабылдай алмай, терең ойлаудан қалады. Сөйлеуі шектеліп, есте сақтау қабілеті әлсірейді. Мамандардың айтуынша, қалада мұндай балалардың саны артып келеді. 


ГҮЛМИРА ОТАРОВА, ДЕФЕКТОЛОГ-ЛОГОПЕД
Бүгінде бізге келетін балалардың арасында сөйлеу тілінің кешігуі жиілеп кетті. Көп жағдайда оның басты себебі – гаджеттерді шамадан тыс пайдалану. Бала экранға қарап отырып, дайын ақпаратты ғана қабылдайды, ал өзі сөйлеуге, ойын жеткізуге тырыспайды


Цифрлық тәуелділіктен арылудың жолдары бар. Кітап оқу, түрлі ойындар ойнау, табиғат аясында серуендеу – баланың тілін дамытып, ойлау қабілетін арттыратын тиімді тәсілдер. Сондай-ақ, бүлдіршінмен жиі сөйлесіп, оның сұрақтарына жауап беру арқылы сөздік қорын байытуға болады.


БЕКЗАТ ТӨЛИЕВ, АДАПТИВТІ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МАМАНЫ
Қазіргі балалар қысқа форматтағы ақпаратқа үйреніп қалған. Олар ұзақ мәтінді тыңдауға немесе түсінуге қиналады. Сабақ барысында да зейіні тез бөлінеді, терең ойлануға шыдамдылық жетіспейді. Бұл – цифрлық ортаның әсері. Сондықтан біз оқу процесінде балаларды қайтадан кітап оқуға, әңгімелеуге, ой бөлісуге дағдыландыруға тырысамыз.


 Санасы сергек, ойы зерек ұрпақ қалыптастыру – басты міндет. Сондықтан мамандар гаджеттерге толық тыйым салудан гөрі, оларды дұрыс әрі шектеулі қолдануды үйрету қажет екенін айтады.