Түркістанда көктемгі әскерге шақыру науқанының басталуына орай алғашқы шақырылушылар тобын ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелеріне шығарып салу рәсімі өтті. 6506 әскери бөлімінің оркестрінің сүйемелдеуімен салтанатты жағдайда облыстан шақырылған 41 жас сарбаз Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы мемлекеттік шекарада қызмет өткеру үшін аттанды.


Шекара қызметіне алғашқы шақырылушылар тобы еліміздің Алакөл және Зайсан аудандарына жол тартты. Көктемгі шақыру науқаны аясында Түркістан облысынан Шекара қызметіне 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ден астам жас жігіт жіберу жоспарланып отыр. Ал жалпы көктемгі науқан барысында облыстан шамамен 3000 жас әскер қатарына шақырылады.


Армияда бір жылға созылатын мерзімді әскери қызметті өткеру үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қызмет аяқталғаннан кейін әрбір сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарына тегін түсуге немесе келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндік алады.


Әскерде қызмет ету — әрбір азаматтың қасиетті борышы ғана емес, отбасы қауіпсіздігінің кепілі. Қару ұстап, Отан алдындағы борышты орындау — әрбір ер азамат үшін үлкен мәртебе. Бабаларымыз ғасырлар бойы ұлан-ғайыр жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Сол аманатқа лайық болу — әр ұрпақтың парызы.