Шымкент қаласының Тұран шағын ауданында жаңа консультациялық орталық пайдалануға берілді. Ашылу салтанатында банк қызметкерлері тұрғындарды қазақи киіммен қарсы алып, іс-шараны нағыз мерекеге айналдырды.


Салтанатты шара қазақи дәстүрге сай ерекше форматта өтті. Банк қызметкерлері қонақтарды ұлттық киіммен қарсы алып, қонақжайлылықтың озық үлгісін көрсетті. Мерекелік жиында кішкентай өнерпаздар ән айтып, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар, жиналған қауым игі бастаманың символы ретінде сәбидің тұсаукесер рәсіміне куә болды. Жаңа кеңсе заманауи техникамен жабдықталған және мұнда білікті мамандар қызмет көрсетеді. Бұл нысанның ашылуы тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй жинақтары бойынша кеңес алуды едәуір жеңілдетеді. Енді клиенттер кезек күтпей-ақ, өз ауданында сапалы қызмет алып, баспаналы болу жоспарларын жүзеге асыра алады. Банк ұжымы алдағы уақытта да халыққа жақын болуды және қызмет көрсету сапасын арттыруды көздеп отыр.


ДӘУРЕН САУДАБАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Наурыз мерекесіне орай Шымкент қаласында 17-ші консультациялық орталық ашылды. Енді жергілікті тұрғындар үй кезегіне тұру, депозит ашу немесе жеңілдетілген несие алу үшін қала орталығына бармай-ақ, өз ауданында толық ақпарат ала алады. Мамандар әрбір клиентке дербес кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіруге дайын.