Шымкентте 100-ге жуық оқушы бір мезетте күй орындады. №2 оқушылар сарайының бастамасымен өткен шарада қазақтың ұлттық өнері паш етілді. Жиналған жұртшылық ұлыстың ұлы күнін тойлап, мерекені ерекше көңіл-күйде қарсы алды.
Салтанатты кештің шымылдығы елге етене таныс «Ерке сылқым» күйімен түрілді. Өнерпаздар табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің жандануын сахналық қойылымдар арқылы бейнелеп, ұлттық мерекенің мәні мен мазмұнын айшықтай түсті.
ДАНИЯР ЕГІЗБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ №2 ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Оқушылар сарайында осындай үлкен мереке ұйымдастырып жатырмыз. Жоғары деңгейде өтуде. Қазақтың ұлттық ойындарынан сайыстар өтеді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлық табыстаймыз.
Мерекелік жиында асыл дәстүрлеріміз дәріптеліп, халық әндері шырқалды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, көпшілікке наурыз дәмін ұсынды. Қыдыр ата бата беріп, ізгі тілек арнады.
МҰХАМЕДЖАН САҒЫНДЫҚОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Наурызды қарсы алайын деп келдік. Бүгін немереміздің тұсау кесерін жасаймыз. Біздің ауылда да наурызды нақышына келтіріп тойлаймыз. Ән айтып, би билейміз. Себебі, бұл-ұлық мереке.
Мейрамды тойлауға жиналғандар салт-дәстүрді насихаттап, қазақ халқының рухани құндылықтарын ұлықтады. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған кеш әсерлі әнмен қорытындыланды.