Вандализм салдарынан бүлінген Қошқар-Ата өзені жағалауындағы мүліктер қалпына келтірілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзен жағалауын аралау барысында көше жарық шамдары, орындықтар және басқа да абаттандыру элементтері зақымдалғанын анықтаған болатын.


Қазіргі уақытта Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты жағалау инфрақұрылымын күтіп-ұстау жұмыстарын жауапты мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Жалпы 120 шам және 85 жарықшам бөлшегі бүлінген. Сонымен қатар, сынған орындықтар жөнделіп, жағылған жазулар тазартылды. Жауаптылар қала тұрғындары мен қонақтарын, әсіресе жасөспірімдерді, ортақ мүлікті бүлдірмеуге, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырады. Қошқар-Ата өзені – қаланың маңызды демалыс орындарының бірі. Ал қаланың тазалығы мен көркін сақтау – баршаға ортақ жауапкершілік.