Теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, палуандар күресі – Шымкентте ұлттық ойындар ұлықталып, Наурыз мейрамының ажары ашылды. Мегаполистегі жаңа атшабарда ұлттық спорт түрлерінен ауқымды іс-шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтар тартысты ойындарды тамашалады.


Дәстүрлі спорт – тек сайыс пен жарыс қана емес, ол халқымыздың өмір салты мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Онда батылдық, күш-қайрат, ептілік пен төзімділік сынды асыл қасиеттер тоғысқан. Бұл – Ұлы Дала рухы мен ата-баба аманатының жалғасы. Теңге ілу сайысы көрермендердің қызығушылығын арттырды. Ат құлағында ойнаған шабандоздардың әр әрекеті халық тарапынан шапалақпен қолдау тапты. Теңге ілуден Қазақстанның екі дүркін чемпионы Мейіржан Жұмашев Наурыз тойында да жеңіс тұғырына шықты: 13 секундта жерде жатқан бес теңгенің барлығын іліп, бірінші орынды жеңіп алды.


МЕЙІРЖАН ЖҰМАШЕВ, ШАБАНДОЗ
Биыл төртінші жыл боп теңге ілумен айналысып жүрмін. Қазақстанның екі дүркін чемпионымын. Бүгін жарыс өте тартысты өтті, қызықты болды. Көрермендерге және бізді қолдап, шапалақпен қолдағандарға үлкен рахмет.


Бүгінде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Наурыз мейрамы оның жаңғыруына серпін беріп, салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Ұлттық спорт күні – халқымыздың бай мұрасын ұлықтап, бабалар рухына тағзым ететін мереке.


 ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 20 наурызда Қазақстан бойынша Ұлттық спорт күні аталып өтеді. Соған орай, біздің басқарма атшабарда спорттың алты түрінен жарыс ұйымдастырып жатыр.


МҰРАТ ЖОЛДЫҚОЖАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Наурызды Шымкент қаласында керемет атап өтіп жатырмыз. Бұл қаламыздың ауызбіршілігінің көрінісі. Ат спортының төрт түрінен жарыс өтіп, халық қуанышқа бөленді.


 «Наурыз мерекесіне орай» ұйымдастырылған бәсекеде аударыспақ спортынан 18 жасқа толған спортшылар күш сынасты. Қыз қуу сайысы көптің көңілін көтеріп, көрермендерді толқытты. Палуандар күресінде білекті жігіттер мықтыдан кім мықтыны анықтады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз дәрежелеріне сәйкес грамоталармен және медальдармен марапатталды.