Төлеби ауданының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесін атап өтті. Ленгір қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған «Наурыз – көктем, жыл басы» атты мерекелік іс-шара аудан тұрғындары мен қонақтарын бір жерге жинап, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған тағылымды мерекеге айналды.
Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мерекесінің мазмұны жаңарып, «Наурызнама» онкүндігі аясында кеңінен атап өтіліп келеді. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған. Төлеби ауданында өткен мереке тұрғындарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ел бірлігі мен татулығын айшықтады.
АЙДАРКҮЛ РАХИШЕВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Төлеби тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Берекелі, мол жыл болсын.
Мерекелік жиын барысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы бес бүлдіршіннің тұсауын қиып, олардың жаңа өмір жолындағы алғашқы қадамын бірге атап өтті. Сонымен қатар көпшілікке дәстүрлі Наурыз көже ұсынылып, мерекелік думан жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
ЕРКЕҒАЛИ ӘЛІМҚҰЛОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Наурыз – татулық пен мейірімнің, жақсылық пен жаңарудың мерекесі. Бұл күні адамдар бір-біріне ақ тілектерін айтып, өткенге өкпе артпай, болашаққа үмітпен қарайды. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен қуаныш әкелсін!
Мерекелік шара аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, ұлттық өнер дәріптелді. Алаңда әсем ән мен күй шырқалып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық тағамдар әзірленді. Айта кетерлігі, мерекеде ауданымызда тұратын барлық ұлт өкілдері өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.