Шетелдік және қазақстандық блогерлер Шымкентке келді. Мегаполисте халықаралық блог-тур басталды. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар 20–22 наурыз аралығында үш күн бойы қаланың туристік әлеуетін насихаттайды.


Іс-шараның негізгі мақсаты – қаланың туристік әлеуетін таныстыру. Сонымен қатар, өңірдің тарихи-мәдени нысандарын кеңінен насихаттап, Шымкентті халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.


ЗАМАНБЕК ОРЫНБЕКОВ, «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Үш күн ішінде қатысушыларды Шымкент қаласының негізгі туристік нысандарымен таныстырамыз. Жобаға қатысып отырған блогерлердің барлығы туристік бағытта танымал, жазылушылары көп. Олар қаламыздың қонақжайлылығын, қолайлы климатын және көрікті жерлерін кеңінен көрсетіп, туристер тартуға ықпал етеді.


Блог-турға Әзірбайжан, Ресей, Үндістан, Украина, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен келген шетелдік, сондай-ақ отандық блогерлер қатысуда. Олар үш күн бойы қаланың көрікті жерлерін аралап, арнайы туристік бағдарлама аясында ақпараттық және имидждік контент әзірлейді.


ЕЛДАНА ЖАЛАУ, БЛОГЕР (АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ)
Осыған дейін “Visit Shymkent”-пен бірнеше блог-турға қатыстым. Шымкенттің Наурыз мерекесі маған ерекше ұнайды. Биыл ол Ораза айтпен тұспа-тұс келіп отыр. Үш күндік бағдарлама аясында көптеген туристік нысандарды көреміз.


АЙМЕРЕЙ ХАСАНОВА, БЛОГЕР (ӘЗЕРБАЙЖАН)
 Мен Әзербайжаннан келдім, 160 мың оқырманым бар. Маған көне шаһарларды зерттеу ұнайды. Шымкенттен шақырту алғаныма қуаныштымын. 2200 жылдық тарихы бар қалада бізді қызықтыратын нысандар өте көп.


Бағдарлама аясында қатысушылар «Shymqala» тарихи-мәдени кешеніне, ипподромға, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына», Сайрам (Испиджаб) қаласына, сондай-ақ «Ақмешіт» үңгіріне барады. Сонымен қатар, блогерлер «Бәйдібек би» монументіне көтеріліп, Сейтжан қажы Есжанұлы атындағы орталық мешітті, банан бағын және халықаралық гастрономиялық фестивальді тамашалайды.