Жаңару күніне орай Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Игі шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Өңірде өткен акция кең көлемде ұйымдастырылып, оған тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен белсенді жастар қатысты.
Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген шара Наурызнама аясындағы «Тазару күніне» арналды. Осы күні Түркістан облысының шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Түлкібас өңірі Қаратау мен Алатау жоталары түйіскен тұста орналасқан, табиғи бұлақтар мен өзендерге бай аймақ. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық бұлақ көзі халық игілігіне қызмет етіп келеді. Экологиялық акцияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір басшылығы қатысып, «Әулие бастау» бұлағының көзін тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылып, аумақ ретке келтірілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі Үндеуінде: «Республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді», дей келе «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына ресми түрде бастау берді. «Мөлдір бұлақ» акциясы – тек бір күндік шара емес, бұл – болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыру жолындағы жүйелі жұмыс.
Айта кету керек, экологиялық акция облыстың барлық аудандарында бір мезетте ұйымдастырылып, оған 1500-ге жуық адам қатысты. Ал «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңір бойынша 1,3 миллионға жуық тұрғын қатысып, 1 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылған.