Түркістанда дүбірлі дода өтті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Биылғы жыр бәйгесі «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Бекарыс Шойбековтің 50 жылдық мерейтойына арналды. «Айтыстың алтын айдары – Бекарысы» атты Наурыз айтысын тілшіміз баяндайды.

 Дәстүрлі өнерді дәріптеген айтулы шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан Бекарыс Шойбековке ерекше құрмет көрсетіліп, автокөлік кілті табысталды. Кеш жүргізушісі, белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Сіз Қазақ айтыс өнерін биік деңгейге көтеріп ұлттық руханиятқа зор үлес қосчып жүрген дарынды айтыскер ақынсыз. Төл мәдениетіміздің өркендеуіне қызмет етіп келе жатқан киелі түркістанның төл перзентісіз.

Аламан айтысқа елге танымал сөз шеберлері қатысты. Олардың қатарында Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзенбаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды өнер иелері бар. Жалпы 14 ақын қатысып, өзара бақ сынасты.

Сахна төрінде өткен тартысты додада ақындар суырыпсалмалық өнердің үздік үлгісін көрсетті. Олар ел бірлігі, ұлттық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді жырға қосып, көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады. Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев иеленді. Ал ІІ орын түркістандық Дәурен Ақсақалов пен Батыс Қазақстан облысынан Жансая Мусинаға бұйырды. ІІІ орынды Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан еншіледі.