Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде Қазығұрт баурайындағы Шарбұлақ ауылы думанға бөленді. Ұлттық мейрам ауыл тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, береке мен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.


 Мереке ауыл төрінде жалғасты. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрлер кеңінен дәріптелді. Кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Алаңда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, ауыл жастары мен үлкендері өзара бақ сынасты. Әрбір дода – тек жарыс емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың нақты көрінісі.


 Шараның тағы бір ерекшелігі – ауыл суретшілерінің көрмесі. Қылқалам шеберлері туған жер табиғатын, Шарбұлақтың көркем келбетін бейнелеген туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Үздік деп танылған шығарма иесіне 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталып, өнерге көрсетілген құрметтің айқын үлгісі болды.


Шарбұлақтағы Наурыз – тек мерекелік думан ғана емес. Бұл – ауылдың ауызбіршілігі мен ынтымағының айғағы. Ұлттық құндылықтар ұлықталған тағылымды шара тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлап, жаңару мен жақсылықтың мәнін айшықтай түсті.