Қазығұрт халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. Қазығұрт тауының бөктерінде 30 киіз үй тігіліп, этноауыл құрылды. Арнайы безендірілген аумақта қолөнер шеберлерінің туындылары мен ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды.
«Наурыз – Қазығұрттан басталады» атты мерекелік іс-шарада ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Аудан көлемінен жиналған мыңға жуық өнерпаз думанды мерекенің көркін қыздырды. Салтанатты жиында аудан әкімі Азизхан Исмайлов тұрғындар мен қонақтарды әз-Наурызбен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – бір мезетте 22 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Сәбилердің алғашқы қадамдарына ақсақалдар ақ батасын берді. Сондай-ақ, жұртшылық назарына қазақтың ұлттық тағамы – салмағы 100 келі болатын алып құрт ұсынылды. Шанақ ауылының әжелері бұл тағамды екі күн, екі түн бойы дайындаған.
Мереке аясында ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қойылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Ауыл саябағында тігілген киіз үйлерде қонақтарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Ұлттық нақыштағы шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрінің маңызын айшықтай түсті.