Шымкентте А. Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябақ аумағында келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында маңызды жоба сәтті жүзеге асырылды. Жасанды көл маңындағы бұрынғы ескі ғимарат жаңартылып, орнына заманауи кітапхана мен шахматшылар үйі ашылды.
Жеке инвесторлардың қолдауымен салынған жаңа нысан саябақ инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, келушілердің бос уақытын сапалы әрі мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді. Ауданы 280 м² кітапхананың қоры 5 мыңнан астам әдеби, ғылыми және психологиялық бағыттағы кітаппен толықтырылған және жанында 180 м² ашық терраса орналасқан. Жоба аясында зияткерлік демалысқа да ерекше көңіл бөлініп, шахмат ойнауға арналған арнайы 50 м² аумақ қарастырылып отыр. Сонымен қатар, нысанның ішкі кеңістігі де ыңғайлы жоспарланған. Заманауи үлгідегі нысан қазірдің өзінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып, ерекше қызығушылық тудыруда. Бұл жоба – мегаполистің мәдени-демалыс және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жарқын бастамалардың бірі.