Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы базасында салынып жатқан электр стансасының құрылысын тексерді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба Ұлттық электр желісінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоба жалпы қуаты 1000 МВт болатын 4 газ турбинасы, 4 кәдеге жарату қазандығы және 2 бу турбинасын қамтиды. Қолданылып отырған бу-газ қондырғысы технологиясы пайдаланылған газ жылуын іске асырып қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және заманауи жылу энергетикасындағы ең тиімді әрі экологиялық таза технологиялардың бірі саналады. Стансаның артықшылығы – оның жоғары маневрлі қабілетінде және желіде тапшылық туындаған жағдайда жетіспейтін қуатты жедел түрде толықтыру мүмкіндігінде.
Жобаның бас мердігері – қазақстандық және оңтүстік кореялық компаниялардан құрылған консорциум. Құрылыс алаңында 1 мыңнан астам адам және 150 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылған. Тігінен құрастырылатын құрылыс нысандары салынуда: ғимараттардың қаңқалары монтаждалып, металл конструкциялар орнатылуда, қабырғалар қапталып және тағы да басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электр стансасының негізгі технологиялық жабдықтары толық көлемде жеткізілген. Жоба іске қосылған соң 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы бойынша электр энергиясын тұтынудың орташа көлемі 445 МВт-ты құрайды, ал ішкі генерация көлемі 136,5 МВт деңгейінде. Стансаны іске қосу өңірдегі қуат тапшылығын толығымен жабуға және ең жоғары жүктемелер кезеңінде энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.