Қазығұрт ауданына қарасты Сабыр Рақымов ауылдық округіндегі Сабыр Рақымов атындағы мектепте Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді. Білім ордасының спорт кешенінде ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл тұрғындары мен ұстаздар ұлттық дәстүрді дәріптеген тағылымды шара ұйымдастырды. Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың мерекесі ретінде ұлықталды.
Наурыз – күн мен түн теңеліп, табиғат түлейтін ерекше кезең. Қыстан аман шыққан ел-жұрттың қауышып, ақжарма тілектерін арнайтын сәті. Осындай көрініс бұл жолы мектеп ұжымының ұйымдастыруымен сахналанды.
Мереке ауыл тынысымен үндесіп өтті. Таңсәріден тіршілігін бастаған тұрғындар ұлттық киімдерін киіп, орталық алаңға жиналды. Қариялар мен ақ жаулықты аналар бір-бірімен амандық сұрасып, ізгі тілектерін жеткізді.
Шара барысында бес киіз үй тігіліп, ұстаздар бірнеше топқа бөлініп, ұлттық дәстүрлерден сайысқа түсті. Бесікке салу, беташар, тұсаукесер, таба нан жабу, киіз басу, жүн сабау сынды салт-дәстүрлер кеңінен таныстырылды.
Осылайша темір генерал атанған Сабыр Рақымовтың ауылдастары әз-Наурызды кең көлемде атап өтті. Береке мен бірлікке үндеген мереке ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ақжарма тілектермен қорытындыланды.