Алаш арысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толды. Айтулы мерейтой аясында үшінші мегаполисте республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Тағылымды шараны Әлихан Бөкейхан атындағы №2 жалпы білім беретін мектеп ұйымдастырды. Алқалы жиынның маңызына әріптесім тоқталады.
«Алаш айтқан асыл сөз – ұрпаққа ұран». Ұлт көсемінің 160 жылдығына арналған конференцияның ауқымы кең болды. Шараға еліміздің белгілі тарихшылары мен ғалымдарынан бөлек, көршілес мемлекеттерден келген зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында Әлихан Бөкейханның саяси қызметі мен мол мұрасы жан-жақты талқыланды.
СҰЛТАН ХАН ЖҮСІП, «АЛАШ» МӘДЕНИ ЖӘНЕ РУХАНИ ДАМУ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Соңғы төрт жылдан бері Словакия, Жапония сынды мемлекеттерден Алаш идеясына қатысты тың деректер табылып жатыр. Зиялы қауым өкілдерінің атқарған еңбектері мен өзге елдермен жасаған келіссөздері жайлы мәліметтер де бар.
Басқосуда Алаш арысы жайлы баяндамалар оқылды. Шара аясында қоғам қайраткерінің өмірі мен саяси күресінен сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылып, еңбектері жұртшылық назарына ұсынылды.
РАУШАН МЕДЕТОВА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Бүгінгі ғылыми конференцияның бәрімізге берері мол. Әлихан Бөкейхан ұлт тарихы жолында аянбай еңбек еткен тұлға. Оның өмірбаянымен танысқанда бойымды ерекше сезім кернеді. Ал бүгін қайраткердің мерейтойын атап өту үшін мен Өзбекстан елінен келіп тұрмын.
Әлихан Нұрмұхамедұлы қазіргі Қазақстан аумағының шекарасын ғылыми тұрғыда негіздеп, оны халықаралық деңгейде бекітуге зор үлес қосқан тұлға ретінде де тарихта қалды. Конференция барысында қоғам қайраткерінің осы бағыттағы зерттеулері мен саяси ұстанымдары да кеңінен сөз болды.