Төтенше жағдай алдын ала ескертпейді. Табиғи апат пен түрлі қауіп-қатер кейде санаулы секунд ішінде үлкен шығынға ұласуы мүмкін. Осындай сәтте уақытпен жарысатын жаңа жүйе Шымкентте іске қосылды. «Mass Alert» деп аталатын жедел құлақтандыру тетігі тұрғындарға қауіп туралы ақпаратты лезде жеткізуге мүмкіндік береді. Заманауи жүйенің ерекшелігі мен мүмкіндіктері бүгін өткен баспасөз брифингінде таныстырылды.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Апат айтып келмейді. Бірақ дәл осындай технологиялар сын сағатта адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. «Mass Alert» жүйесі озық Cell Broadcast технологиясы негізінде жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе кәдімгі SMS-хабарламалардан әлдеқайда жылдам. Қауіп туралы ескерту бірнеше секунд ішінде тұрғындардың телефонына бір мезетте жіберіледі. Тіпті байланыс желісіне күш түскен жағдайда да хабарлама кешікпей жетеді.
АЛИЯРХАН РҮСТЕМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл жүйе алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында сынақтан өтті.Жүйе арқылы 63 секунд ішінде барлық қала тұрғындарына қауіп жайлы хабарлама келді.Жүйе ұялы байланыс операторларына жүктеме түсірмейді, базалық станциялардың қамту аймағындағы барлық операторларға жедел жетеді.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫНДЫҚ КҮШЕЙТІЛДІ
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Қалада тек цифрлық қауіпсіздік емес, төтенше жағдайға дайындық жұмыстары да күшейтілген. Арнайы басқарма бүгінде жұмылдыру дайындығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Жуырда «Ақтас» оқу полигонында ауқымды тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оған 150-ден астам адам қатысып, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарды тәжірибе жүзінде пысықтады.
АЛИЯРХАН РҮСТЕМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкент қаласында 50120 әскери бөлімінің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру өткізілді.Жаттығу барысында аумақтық қорғаныс бригадасының обьектілеріін күзету мен қорғауды ұйымдастыру,жұмылдыруды аяқтау,бөлімшелерді жауынгерлік әзірлікке келтіру және әскери жағдай режимі енгізілген кездегі іс-қимылдар пысықталды.
500-ГЕ ЖУЫҚ СЕЙСМИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Төтенше жағдайға дайындық бір күндік жұмыс емес. Соңғы бес айда Шымкенттегі мектептерде, кәсіпорындарда және түрлі мекемелерде 500-ге жуық сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілген. Оған 148 мыңнан астам адам мен екі жарым мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Мамандардың сөзінше, қауіптің алдын алуда әр секунд маңызды. Сондықтан кез келген жағдайға сақадай-сай болу – басты талап.