Шымкентте ерекше стиль мен шығармашылық тоғысқан кеш көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қаладағы орталық саябақта ұйымдастырылған “Art Bijoy Market” жәрмеңкесі қолөнер шеберлері мен сәнсүйер қауымды бір алаңға жинады. Мұнда жергілікті шеберлер өз қолымен жасаған эксклюзивті әшекейлер мен сәндік бұйымдарын таныстырды.


Жәрмеңке алаңы авторлық туындыларға толды. Келушілер назарына ұлттық нақыштағы сырғалар, табиғи тастармен көмкерілген білезіктер, заманауи үлгідегі алқалар мен ерекше аксессуарлар ұсынылды. Әр бұйымның өзіндік стилі мен шебердің қолтаңбасы көпшілікті тәнті етті.


ЖАННА БАЙТЕЛИЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ CREATIVE HUB ТӨРАЙЫМЫ
 Бүгін орталық саябақта жәрмеңке ұйымдастырылып жатыр. Негізгі мақсатымыз – қаламыздағы креатив индустриясын дамыту және қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету.


 Көрмеге қатысушылардың бірі – қолөнер шебері Ольга Максименко. Ол бірнеше жылдан бері авторлық әшекейлер жасап келеді. Айтуынша, мұндай жәрмеңкелер жергілікті қолөнершілердің еңбегін танытып, шығармашылық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.


ОЛЬГА МАКСИМЕНКО, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Әкімдік тарапынан бізге арнайы Art Therapy орталығы берілген. Сол жерде апта сайын өз бұйымдарымызды халыққа ұсынып келеміз. Әсіресе сәрсенбі күндері тұрақты түрде көрме ұйымдастырамыз.


Шара барысында қонақтар тек көріп қана қоймай, шеберлік сабақтарына да қатысты. Қатысушылар табиғи тастардан әшекей жасауды, тоқыма тоқудың әдістерін үйреніп, қолөнердің қыр-сырымен танысты.