Шымкенттік дәрігерлер күрделі операцияны алғаш рет заманауи тәсілмен жасап, медицинада жаңа белесті бағындырды. Қалалық №1 клиникалық аурухананың білікті хирургтары жоғары технологиялық лапароскопиялық отаны сәтті өткізді.
41 жастағы науқас ұзақ уақыт бойы созылмалы іш қатуынан зардап шегіп келген. Дәстүрлі емнен нәтиже болмаған соң, жан-жақты тексеруден кейін оған «долихосигма», яғни тоқ ішектің туа біткен ұзаруы диагнозы қойылды. Дәрігерлер консилиумы бірден хирургиялық ем қолдануға шешім қабылдады. Отаның басты ерекшелігі - іш қуысы толық ашылмай, тек бірнеше шағын тесік арқылы жасалды. Хирургтар лапароскопиялық әдіспен ішектің зақымдалған бөлігін алып тастап, арнайы аппараттың көмегімен оны қайта жалғады. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл науқастың тез оңалуына, ауырсынудың аз болуына және асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай күрделі де жоғары технологиялық операция №1 клиникалық ауруханада алғаш рет жасалып отыр. Бұл - шаһар медицинасы мен отандық хирургияның заманауи даму бағытындағы үлкен жетістігі.