Шымкентте білім мен бәсеке жаңа деңгейге көтерілді. Қаладағы 50-ден астам түлек әлемнің беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алды. Солардың қатарында - Дастан Рахманберді бар. Жас түлекке әлемнің 117 университеті тегін оқу мүмкіндігін ұсынған. Бұл көрсеткіш -  оның білімге деген ұмтылысы мен табанды еңбегінің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге қазақстандық жастардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін айқын мысал. Менің әріптесім Қанат Жолдасбек дарынды жаспен тілдесіп, жетістікке жету жолын біліп қайтты.

Дастанға Америка, Еуропа және Азиядағы 117 жоғары оқу орнынан шақырту келген. Университеттер талапкерге грант ұсынып, жатақханамен қамтамасыз етуге дайын екендерін білдірген. Халықаралық білім ұйымдары талапкердің ағылшын тілін меңгеру деңгейіне, портфолиосына және эссе жазу қабілетіне ерекше мән береді. Дастан 9-сыныптан бастап қосымша дайындалып, ағылшын тілін жетілдірген. Нәтижесінде IELTS емтиханынан 7 балл, SAT тестінен 1480 ұпай жинаған.


 ДАСТАН РАХМАНБЕРДІ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ ТҮЛЕГІ
 – «Бұл 7-8-9-10 сыныптардан бері жүргізілген бес жылдық еңбек. Сол уақыттан бастап олимпиадаларға қатысып, түрлі жобалар жасадым. Еріктілікпен айналысып, портфолио жинадым.»  «Оныншы сыныптың сәуір айынан тамызға дейін түрлі эсселер жазып, университеттерге жібердім. Олардың талаптарымен таныстым.» «Эсседе өмірдегі маңызды оқиға немесе сабақ алған жағдай туралы жазу керек.»  «Тақырыптар әртүрлі болады. Еркін тақырыпта да жазуға мүмкіндік бар.»


Шетелдік университеттер талапкердің білімімен қатар жетістіктеріне де ерекше назар аударады. Ұстаздарының айтуынша, Дастан IT саласында алғырлығымен көзге түсіп, халықаралық және республикалық хакатондарда бірнеше рет топ жарған. Сондай-ақ NASA агенттігі ұйымдастырған білім бәйгесіне жобасын ұсынып, жеңімпаз атанған.


РАЙХАН ҚАЛЖАН, МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
 – «Ол математикамен қатар физика және информатика олимпиадаларына да қатысып жүрді. Жан-жақты оқушы. Тек бір пәнмен шектелмей, физика бағытындағы халықаралық жобаларға қатысып, жүлдегер атанды.»


 Ғарыш әлемін зерттеп, ғылыммен айналысуды мақсат еткен Дастан Гонконг университетін таңдаған. Аталған жоғары оқу орны әлемдегі үздік 50 университеттің қатарында. Жас дарын шетелде білім алып, тәжірибе жинақтаған соң елге оралып, Қазақстанның дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.


ДАСТАН РАХМАНБЕРДІ, №2 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ ТҮЛЕГІ
– «Магистратураны да шетелде оқу жоспарымда бар. Бірақ оқуымды толық аяқтаған соң Қазақстанға оралып, жұмыс істегім келеді.»


Биылғы оқу жылы шымкенттік оқушылар үшін табысты болды. Оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, 3 алтын, 10 күміс және 7 қола медаль иеленді. Сонымен қатар 50-ден астам түлек шетелдік жоғары оқу орындарынан шақырту алған.


ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Республикалық олимпиада жүлдегерлері биыл жақсы нәтиже көрсетті.»  «786 оқушы “Алтын белгі”, ал 1123 оқушы үздік аттестат иегері атанды.»


 Мамандар шетелдік университеттерге түсуді жоспарлаған талапкерлерге дайындықты 9-сыныптан бастауды ұсынады. Ең алдымен ағылшын тілі деңгейін анықтайтын халықаралық емтихандарға дайындалып, эссе жазу машығын қалыптастыру қажет. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, ғылыми жобалар мен байқауларда жетістікке жетудің де маңызы зор.