«Көңіл көтеретін газ» енді қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Жастар арасында кең тараған азот оксидін заңсыз сатқандарға жаза күшейді. Соның бірі 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Тізімге жастар арасында «көңіл көтеретін шар» ретінде танылған азот оксиді де кірген. Мұндай газдар көбіне түнгі клубтар мен ресто-барларда жасырын саудаланады. Полиция мәліметінше, оны сатқандар да, пайдаланғандар да жауапкершілікке тартылады. Жуырда азот оксидінің заңсыз айналымына қатысы бар азамат 8 жылға сотталды. Жыл басынан бері елімізде осындай 49 дерек тіркеліп, 1,5 мыңнан астам баллон мен екі автоцистерна тәркіленген. Сондай-ақ көрші мемлекеттен жеткізілетін арна да жойылған.