Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы депутаттардың жіті бақылауында. Уақытша депутаттық комиссия Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында болып, халық көптен күткен нысандардағы құрылыс жұмыстарын зерделеді. Арнайы жиында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы, «Сарыағаш айналма жолы» жобасының іске асырылуы және Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентін байланыстыратын көлік айрықтарын салу мәселелері кеңінен талқыланды.
Алдымен комиссия мүшелері Мақтаарал ауданында салынып жатқан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Халықпен және жауапты мекеме өкілдерімен кездескен депутаттар жергілікті тұрғындарды алаңдатқан бірқатар мәселелерді назарға алды. Атап айтқанда, тұрғындар үшін маңызды саналатын аспалы көпірлердің құрылысын жеделдету, сондай-ақ теміржол бойындағы мал өткелдерін қауіпсіз әрі қолайлы етіп салу қажеттігі көтерілді. Осыған байланысты аталған нысандарды құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңіне енгізу жөнінде ұсыныстар берілді.
Жиында Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне кіріп-шығатын көлік айрықтарының болмауы да өзекті мәселе ретінде көтерілді. Депутаттардың айтуынша, бұл жағдай тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайсыздық туғызып қана қоймай, Көктеректегі шипажайлар мен туристік нысандарға келушілердің қозғалысына да кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымының тиімділігіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.
ЖӘНІБЕК СҮЛЕЙМЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Биылғы жоспар бойынша бұл жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр. Жергілікт іхалық та оны асыға күтіп отыр. Біз де өз тарапымыздан бұл мәселелердің уақытылы шешілуіне атсалысамыз.
Жиын қорытындысы бойынша депутаттар жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеді. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан әкімдігіне жобаларды сапалы әрі мерзімінде аяқтау бағытында тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар Көктерек кентіне кіреберіс көлік айрықтарының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу ұсынылды. Ал, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына «Сарыағаш айналма жолы» жобасы аясында Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентін байланыстыратын қосымша көлік айрықтарын енгізу мәселесін қарастыру жөнінде ұсыныс жолданды.