Қала басшысы Бозарық шағынауданындағы заманауи қоғамдық кеңістіктің құрылысымен танысты. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бой көтерген нысанның жалпы аумағы - 4 900 шаршы метр. Қазір мұнда көгал төсеу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру мен автоматты суару жүйесі, балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Шаһар басшысы Абай ауданында да болып, тұрғындардың жеке бастамасымен танысты. Мұндағы жұрт өз қаражаты есебінен балалар алаңқайын салуға ниетті. Қала әкімі ұсынылған жер телімін көріп, жауапты мекемелерге бұл өтінішті заң аясында қолдап, жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Тексеріс Жапон бағы аумағында жалғасты. Абаттандыру деңгейі мен құрылыс қарқынын сынға алған әкім, мердігер ұйымға жұмысты ширатып, нысанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды жүктеді. Көшпелі жиын Жаңа Тұрлан шағынауданында қорытындыланды. Мұнда 3 000 шаршы метрді құрайтын жаңа демалыс аймағы дайын тұр. Көгалдандыру, суару жүйесі мен жарықшамдар толық орнатылған. Жаңа нысан көп ұзамай тұрғындардың серуендейтін жайлы мекеніне айналады.