Бүгін Шымкентте Digital Qazaqstan халықаралық форумы өтті. Ауқымды жиынға әлем елдерінен келген делегациялар қатысты. Алаңда ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация бағытындағы тың бастамалар таныстырылды.
Алғашқы ұлттық технологиялар форумының Шымкентте өтуі де кездейсоқ емес.Себебі, бүгінде бұл мегаполис отандық өнеркәсіп пен экономиканың күретамырына айналған стратегиялық орталық. Жаңа индустриалды даму жолына нық қадам басқан Қазақстан үшін жасанды интеллект – экономикалық интеграцияның көкжиегін кедіргісіз ашуға мүмкіндік беретін басты құрал. Шымшаһарда өткен бүгінгі халықаралық жиынға 130-дан астам елден 500 спикер мен 300-ден аса инвестор жиналды. Ал форумды онлайн және офлайн форматта 85 мыңға жуық адам тамашалады.
РУСТАМ ҚАРАҒОЙШИН, «БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі форум «Байтарек» холдингі үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды. Сондықтан біз Астанада өзара кәсіпкерлерді қолдау қызметтерін одан әрі дамыту туралы меморандумға қол қойдық. Бұл тек инвестициялар мен капиталға қатысты ғана емес, сонымен қатар айналым қаражатын кредиттеу, экспорт алдындағы қаржыландыру сынды қызметтерді де қамтиды.
Форумда шымкенттік өнертапқыштар ерекше жоба ұсынды. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бұл құрал студенттің эмоционалдық жайын талдап, психологиялық ахуалын бағалауға мүмкіндік береді.
МҰСЫЛМАН ҚАЛЖАНОВ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ӨКІЛІ
Біздің жасап шығарған жүйеде студенттердің сабаққа келуін ғана емес, оның жай-күйін де талдайды.Мұнда олардың бет-жүзін танитын бағдарлама бар.Жоба біздің университетімізде қолданысқа енді.
Шараның басты тақырыбы – Industry 5.0. Яғни адам мен технологияның үйлесімді серіктестігі. Сарапшылардың айтуынша, жаңа жүйелер адамды алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттырады. Алаңда өндіріс, медицина, қауіпсіздік және цифрлық қызмет көрсету салаларына қатысты жобалар таныстырылды.Форумда отандық және шетелдік стартаперлердің ерекше инновациялық жобалары таныстырылды. Цифрлық технология мен шығармашылықты ұштастырған бастамалар алаңға жиналғандардың көңіл-күйін көтерді.
Жиында үздік стартап иелеріне 19 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталады. Сондай-ақ, жеңімпаздарға өзге елдермен халықаралық серіктестік орнатуға мүмкіндік беріледі.
ӘШІМБЕК ӘБІЛҒАЗИНОВ, «ASTANA IT HUB» БИЗНЕС БАҒДАРЛАМАЛАР КЕҢСЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Жалпы, 300-ден астам өтініш түсті.Олар бастапқыда іріктеуден өтті.Жартылай финалда жеңіске жеткендер осында келіп отыр.Жеңімпаз атанған үш стартапқа 19 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі.
Digital Qazaqstan форумы – еліміздің цифрлық дамуы мен инновациялық әлеуетін танытатын ауқымды алаң. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара алдағы уақытта да жалғасын табады.