Шымшаһарда көктемгі дезинсекциялық жұмыстар басталды. Жауапты мекемелер бекітілген жоспарға сәйкес тиісті шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Зиянкестермен күрес науқаны қыркүйек айына дейін жалғасады.


 Көктемгі дезинсекция жұмыстарының алғашқы кезеңі Шымсити саябағынан басталды. Мұнда арнайы мамандар химиялық өңдеу жүргізіп, зиянкестерді жою жұмыстарын қолға алды. Науқанға 30-ға жуық маман мен 20 техника бірлігі жұмылдырылған. Жұмыстар қаланың өзен, көл жағалауларын, саябақтар мен аллеяларды қамтиды.


ЕРЛАН ӘДЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Масаға қарсы залалсыздандыру жұмыстары зиянкестерді түбегейлі жоймайды.Алайда, белгілі бір уақытқа дейін тұрғындарды масадан қорғайды.Мұндай шаралар осы уақытқа дейін төрт рет ұйымдастырылып келсе, биыл он рет өткізу жоспарланып отыр.


 Қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, биыл дезинсекция көлемі айтарлықтай ұлғайды. Өңделетін аумақ көлемі артып, жаңадан пайдалануға берілген саябақтар да жоспарға енгізілді.


ҚАНАТ РАШИДОВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Залалсыздандыру жұмыстарына 30 маман жұмылдырылды. Арнайы препараттар бар. Мамандар қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Олар басқарманың қатаң бақылауында.


Зиянкестерге қарсы қолданылатын препараттар адам мен үй жануарларына зиян келтірмейді. Алайда мамандар тұрғындарға залалсыздандырылған аумақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.