Еріктілердің қызметі үшін ақы төленбейді. Алайда үкіметтен немесе жергілікті атқарушы органдардан волонтерлік ұйымдарға іс-шара өткізуге қаржы бөлінеді. Қазіргі таңда елімізде 800-ден астам осындай ұйым бар. Оларға мемлекет жыл сайын шамамен 50 миллион теңге қаржы бөледі.


2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы. Осыған орай Жастар ресурстық орталығы «Біргеміз» жалпыұлттық жобасы аясында бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіп келеді. 2025 жылы мұндай іс-шараларға 15 мыңға жуық волонтер қатысқан. Биыл олардың саны артады деп күтілуде.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ
 «Біргеміз» жобасы аясында «Біргеміз: Таза әлем», «Біргеміз: Сабақтастық», «Біргеміз: Үміт», «Біргеміз: Асыл мұра», «Біргеміз: Саулық», «Біргеміз: Қамқор», «Біргеміз: Аяла», «Біргеміз: Білім» бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы бұл жобаларға 15 мыңнан астам жас қатысып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.


Биыл еріктілерді қолдауға қала бюджетінен 6,7 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа көшбасшылар мектебінің іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫ
Аталған қаражат екі күндік оқытуға, тренерлер мен спикерлердің еңбекақысын төлеуге, сондай-ақ арнайы брендтелген өнімдерді дайындауға жұмсалады. Егер еріктілерді тарту барысында жұмыс уақыты 8 сағатқа дейін созылса, ұйымдастырушылар оларды тамақпен қамтамасыз етіп, қосымша ынталандыру шараларын қарастырады.


 Еріктілердің рөлі тек қайырымдылық немесе төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетумен шектелмейді. Олар қоғамдық сананы жаңғыртуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, мәдени жобаларды дамытуға және жастарды тәрбиелеуге белсенді үлес қосып келеді.


АЙБЕК ДОСЫМБЕТОВ, ЕРІКТІЛЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ ФРОНТ-ОФИСІНІҢ БАСШЫСЫ
 Мәдениет және ақпарат министрлігі волонтерлік бағытты дамыту бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобаларға жыл сайын 50 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жұмыстар алты негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, экология, төтенше жағдайлар, жануарларды қорғау және өзге де әлеуметтік салалар қамтылған. Астана қаласында да бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.


 Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 400 мыңға жуық жас бар. Оның 7 мыңға жуығы – ерікті. Еріктілер ұйымдары 14 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.