Сенбі күні әлемдік жер сағаты акциясы өтті. 60 минут бойы қала шамдары сөніп, электр жарығы үнемделді. Науқанға жергілікті тұрғындар да белсенді атсалысып, жеке тұрғын үй жарықтарын ерікті түрде сөндірді.

СТЭНДАП: ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
– «Жаһандық «жер сағаты» акциясына биыл Қазақстан 17-ші рет қатысып отыр. Электр жарығын үнемдеу науқанынан Шымкент те шет қалмады. Сағат кешкі 20:30 – 21:30 аралығында завот-фабрикалар, университет, мемлекеттік орган ғимараттарының сыртқы жарықтары сөндірілді. Сондай-ақ акцияға қала тұрғындары да ерікті түрде атсалысты.»

ДҮЙСЕН ҚҰЛТІЛЕУОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Акцияның жалпы мақсаты тек жарықты үнемдеу ғана емес. Жалпы табиғи ресурстарды үнемді пайдалану.»

Экология департаменті акция боларын мемлекеттік органдардан бөлек жеке компанияларға да хабарлаған. Науқанға немқұрайлы қарамаған 40 ірі кәсіпорын жұмысын 1 сағатқа шегеріп, үнемдеу шарасына қатысты. Соның бірі – «Петро ойл Қазақстан» мұнай өңдеу зауоты.

МҰХАММЕДЖАН АБЛАЕВ, «ПЕТРО ҚАЗАҚСТАН ОЙЛ ПРОДАКТС» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Бұл біз жылда қатысатын жоба. Жыл сайын 1 сағатқа жарықты сөндіреміз. Біз қоршаған ортаны қорғауға қосып отырған үлес деп санаймыз.»

Акция барысында қаладағы ғимараттардың сыртқы жарығы бір сағатқа сөніп, Шымкенттіктер де әлемдік электр энергиясын үнемдеу науқанына үлес қосты.