Түркістанда бейнебақылау камераларын әдейі бүлдірген екі күдікті ұсталды. Беттерін маскамен жасырған екі жігіт ұзын ағашпен қала көшелеріндегі камераларды істен шығарған.


Polisia.kz-тің мәлімдеуінше, 4 камера бүлініп, 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Тергеу барысында оқиғаның түнгі сағат 01:00 шамасында болғаны анықталды. Сол маңдағы бейнебақылау жазбалары арқылы олардың қозғалыс бағыты анықталып, күдіктілер жедел-іздестіру шаралары кезінде қолға түсті. Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлға ашуланып, осы әрекетке барғандарын мойындаған.