Түзеу мекемелерін күзетіп, сотталғандардың қашып кетпеуін қадағалайтын 6698 әскери бөлімінің құрылғанына биыл 13 жыл. Мерейтой аясында салтанатты кеш өтіп, еңбегі ерен қызметкерлер марапатталды. Мамандар тарих беттерін парақтап, өткенге көз жіберді. Болашаққа бағдар жасап, нақты жоспарларымен бөлісті.
Әскери бөлім түзеу мекемелерін күзетумен айналысады. Құрамында 900 әскери қызметкер бар. Оның 300-ге жуығы отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз. Жауапкершілігі жоғары, күрделі функция атқаратын мамандар – қатардағы жауынгер қауіпсіздігі басты орында екенін айтады.
БАУЫРЖАН БОРАНТАЙҰЛЫ, 6698 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ
– «Іштегі сотталғандармен қатысымыз жоқ. Сыртта күзету орындары бар. Күзету орындарына іштегі қылмыскерлердің жақындауына мүмкіндік жоқ» «Түзету мекемесінде отырғандарды бақылаумен айналысатын мамандар бар. Олар келісім шарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер. Мерзімді борышын өтеушілер онда бармайды.»
Қатардағы жауынгер Жалғас Қуанышбектің әскери борышын өтеп жатқанына 3 айдан асқан. Жамбыл облысынан шақыртылған жауынгер мұнда ешқандай қысым, әлімжеттік жоқ екенін айтады. Командиртер әскери міндетті айқындап, нақты-бағыт бағдар береді. Бастапқыда түрме күзету қорқынышты көрінген, кейіннен үйреншікті қызметке айналды дейді ол.
ЖАЛҒАС ҚУАНЫШБЕК , ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
– «Басында қорқынышты болды. Қобалжыдық. Ал қазір үйренісіп кеттік. Өз ісімізді мақтанышпен атқарамыз.»
Іс-шара барысында әскери міндетін мүлтіксіз атқарып, салаға салмақ қосқан мамандар марапатталды. Иығына артылған жауапкершілікті абыройлы арқалап, тиісті талап-міндетті өз деңгейінде орындаған қызметкерлер қошеметке бөленді.
ЖАНДОС АХМЕТОВ, 6698 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Бүгін үлкен мараппат алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Әскери міндетімді әрі қарай да абыройлы атқаруға сөз беремін.»
Мерейтойлық кеш әрі қарай концерттік бағдарламаға жалғасты. Өнерпаздар ән айтып, күй шертті. Мың бұралған бишілер де салтанатты жиынның ажарын ашты.