Үшінші мегаполис атанған көне қала Шымкенттің тарихы тереңде жатыр. Ондағы мәдени ошақтардың да жетістікке жетіп, қаламыздың дамуына үлесін қосып жатқаны көпшілікке мәлім. Соның бірі 2008 жылғы 4 сәуірде ашылған алғашқы сатира жанрындағы мемлекеттік мәртебеге ие Республикамыздағы жалғыз театр әзіл сықақ және сатира театры.


Театр репертуарында отандық туындылармен қатар, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының   20 -дан астам комедиялық қойылымдары бар. Театрда жалпы саны 93 адам,  шығармашылық салада 36 адам қызмет атқарады.


Өнерімен танылып, талантымен көрерменнің жүрегінен орын алып жүрген әзіл - сықақ саласының майталмандары, осы театрдың негізін қалаушы «Шаншар» әзіл - сықақ театрының тарландары Уәлибек Абдраимов пен Жүсіп Ақшора да осы сатира театрымен біте қайнасып келеді.  Театрда өнердің қамшысын мықтап ұстаған алдыңғы, орта, кіші буын иелері бір ұжым болып, өнер ордасына айналды.


Театрдың өзге театрлардан ерекшелігі сан - салалық комедия жанрындағы түрлі пьесаларды сахналаумен бірге, аталмыш жанрды жан-жақты бағытта жандандыру үшін, шағын интермедиялардан құралса да, белгілі бір оқиға желісіне негізделе отырып, әндермен, хореографиямен көркемделетін сазды - думанды қойылымдарды қатар алып жүреді.Келген көрермен тек сахнадағы сұлулықты ғана байқайды. Ал сахна сыртында қойылымның керемет шығуына атсалысатын қаншама маман бар.