27 наурыз – Дүниежүзілік театр күні. Мәдениет қызметкерлері мен өнерсүйер қауымның халықаралық кәсіби мерекесі 1961 жылдан бері аталып келеді. Осыған орай А.С. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада театр әртістерімен кездесу ұйымдастырылды.


 Мәдени кешке Шымкент жастар театрының әртістері арнайы шақыртылды. Олар өнер жолын қалай таңдағанын айтып, үлкен сахнадағы алғашқы рөлдерін әңгімеге арқау етті. Кездесуге келген студенттер сахна жұлдыздарының қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер жолын ұйып тыңдады.


 АЙЖАН МАНАП, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
 «Өнер жолы – қиын жол, деп тегін айтылмаған. Бірақ бұл жолды таңдағаныма өкінбеймін. Себебі бала кезімнен арманым болатын. Қазір сол арманымның орындалғанына шүкір етемін. Шымкент жастар театрында алғаш рөлімді ойнадым.»


 РАУШАН ТЕҢЛІБАЕВА, А.С. ПУШКИН АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
«Біз «Театр өнердің жүрегі» атты шараны ұйымдастырдық. Театр – биік мәдениеттің бір бөлшегі.»


Театр – тарихы тереңде жатқан көне мәдениет. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары қазақ мәдениетін дамыту әрі сақтау мақсатында алғашқы театрдың негізін қалаған еді. 1925 жылы Қызылорда қаласында қазақ театрының шымылдығы ашылды. Ең алғашқы қойылым Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы негізінде сахналанған.


СҮНДЕТ СНЕЙІТОВ, АҚЫН
 «Театр өнерінің негізі Қызылорда қаласында қаланды. Себебі сол жылдары қазақтың астанасы Қызылорда болатын. 1929 жылы біздің Шанин театры мен Әуезов театрының жұмысы басталды.»


Қазіргі кезде Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді, оның 55-і мемлекет меншігінде. Соның ішінде төртеуі этникалық театр: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театры. Тәуелсіздік жылдары елімізде 21 мемлекеттік театр ашылды. 2020 жылы елордада Музыкалық жас көрермендер театры ашылды. 2021 жылы Түркістан қаласы Түркі әлемінің астанасы ретінде ресми мойындалды. Сол жерде Түркістан музыкалық-драма театры жаңа ғимаратта өз жұмысын бастады.