Мемлекет басшысы «Қазақстан цифрлық державаға айналуы тиіс» деп нақты тапсырма жүктеген еді. Президент берген бағдар өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Оның айқын көрінісі – Digital Kazakhstan форумы. Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық жобаға 30-дан аса елден 500 спикер мен 300-ден астам инвестор қатысты. Форумды онлайн және офлайн форматта 85 мыңға жуық адам тамашалады.


Шараның басты мақсаты – цифрлық жобаларды қолдау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін дамыту. Алаңда өндіріс, медицина, қауіпсіздік және цифрлық қызметтерге арналған отандық жобалар таныстырылды. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Куба және Армения елдерінен келген лауазымды тұлғалар сөз сөйлеп, әріптестік орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Қазақстанның Үкімет басшысы да баяндама жасап, IT жобалардың кең қанат жайып келе жатқанын атап өтті.


ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
«Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономикалық модельдің негізіне айналатын кезеңге қадам басты. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл саланың ел үшін ерекше маңыздылығын атап өтіп, 2026 жылды “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” деп жариялады. Бұл бастама саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды.»


 IT алаңда стартап жоба авторлары, IT компаниялар, кәсіпкерлер, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері бас қосты. Бұл – серіктес табуға, инвестор тартуға және өз жобаларын таныстыруға үлкен мүмкіндік берді. Форум аясында IT және жасанды интеллект бағытындағы түрлі жобалар мен бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мың IT маманын қамтыған ең ірі хакатон ұйымдастырылды. Көрме аясында Қазақстанның жиырма өңірінен іріктелген үздік стартап жобалар финалдық кезеңде бақ сынады. Жүлдегерлерге 19 миллион теңге табысталды.


 IT өнімдерін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Қызығушылық жоғары екені байқалады. Көрмені тек шымкенттіктер ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келген қонақтар да тамашалады. Солардың бірі – алматылық студент Аяна Мырзахан. Болашақ бағдарламашы форумнан шабыт алып, білімін жетілдіруге мүмкіндік алғанын айтады.


Елімізде қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект адам еңбегін толық алмастырып, жұмыссыздыққа әкелмей ме деген алаңдаушылық бар. Алайда мамандардың айтуынша, бұған негіз жоқ. Жасанды интеллект – адамға көмекші құрал ғана. Ол адам сияқты шексіз шығармашылық қабілетке ие емес.


Көрмені тамашалаған халықтың пікірін де білдік. IT жобалар жұрттың көңілінен шықты ма? Өнімдер қаншалықты өміршең?