Шымкенттегі оқу орындарында Мансап орталығы жұмыс істеп тұр. Бөлім диплом алған жастарды жұмыспен қамтумен айналысады. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын бітіруші түлектер Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, еліміздегі жетекші ауруханаларға жұмысқа орналасуда. Оқу орнында кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатты.
Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын бітірген түлектер жұмыссыз қалмайды. Студенттер оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ өздеріне қолайлы жұмыс тауып, қызмет орнын таңдап үлгереді. Кезекті шараға Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Жетісу облыстарының медициналық ұйым өкілдері қатысты. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Павлодар облыстарының медициналық ұйымдары онлайн форматта өздерінің бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынды.
МАРАТ СЕРАХМЕТОВ, СТУДЕНТ
«Осындай жиындар жиі өтеді. Бізге қолайлы. Қашан, қайда жұмыс істейтінімізді ойлап алаңдамаймыз.» КСМ: Жиынға қатысушылар шараның маңыздылығын атап өтті. Жас мамандарды жұмысқа орналастырудың маңыздылығын, оларды өңірлерде бекіту және медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.
ЕЛДАР ЮНУСМЕТОВ, ОҚМА МАНСАП БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Жәрмеңке барысында бітіруші түлектер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, алдын ала сұхбаттан өтіп, бос жұмыс орындары, еңбек жағдайлары және әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алды. Бұл алаң жұмыс берушілер мен түлектер арасындағы тиімді диалог орнатуға мүмкіндік береді.»
Денсаулық сақтау саласын білікті кадрлармен қамту – басты міндет. Сондықтан оқу орнының ұжымы білікті мамандар даярлап қана қоймай, олардың еліне қызмет етіп, адам жанына жанашыр болуына жол ашып отыр. Айта кетейік, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі болып саналады.