Солтүстік өңірлерге көшіп барған азаматтарға ауқымды қаржылық және әлеуметтік қолдау қарастырылған. Әр қоныс аударушыға 300 мың теңгеден астам біржолғы көмек төленіп, ай сайынғы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіліп, 7 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сатып алу үшін сертификат беріледі.


 Біржолғы төлем әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде, 2026 жылы бір адамға – 302 750 теңге. Қатысушыларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызмет шығындары да өтеледі, төлемдер бір жыл бойы ай сайын растайтын құжаттар негізінде беріледі. Бағдарлама тек қаржылай көмектен тұрмайды. Қатысушыларға жұмыс орындары ұсынылады, қажет болған жағдайда кәсіби оқытуға жіберіледі. Сондай-ақ, шағын несие арқылы жеке кәсіп бастауға мүмкіндік қарастырылған. Тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты да беріледі. Статистикаға сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Шымкентте 17 293 жұмыссыз тіркелген, бұл жұмыс күшінің 3,6%-ы. Бір ай бұрын көрсеткіш 13 888 адам немесе 2,9% болған. 2025 жылы Шымкенттен 700-ге жуық адам еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған, олардың басым бөлігі – Павлодар облысын таңдаған.