Түркістан облысында биыл 1 млн түп көшет егіледі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде көктемгі ағаш егу жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ, ағаштарды жазғы ыстық ауа-райында бірыңғай суғару жүйелері жаңартылмақ.


Өткен жылы облыс көлемінде 1 млн нан астам түп көшет егілді. Биыл тағы 1 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде дайын 312 мың көшет аудан-қалаларға таратылды. Көктемгі маусымға дайындық аясында 374 гектар жер қамтылып, суару жүйелері 80 пайызға, қоршау жұмыстары 84 пайызға аяқталған.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ағаш көшеттерін мерзімінде алып, егілуін қамтамасыз ету үшін арнайы жауапты қызметкерлерді бекітуді тапсырамын. Аудан-қалаларда арнайы құрылған тұқымбақтарға көшет егу жұмыстары 15 сәуірге дейін толық аяқталуы тиіс. Бірінші кезекте отырғызылатын ағаш көшеттерінің арнайы орындарының дайындалуы және суару мен қоршау жұмыстары сапалы жүргізілуі қажет.


Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 13 аудан мен қала әкімдіктерінде жер бөлініп, тұқымбақтар ашылды. Түркістан қаласы маңында 30 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асуда. Қазіргі таңда оның 29 мың гектардан астамы мемлекеттік орман қоры санатына енгізілген.


ҒАЛЫМЖАН ТӨЛЕПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Аудан-қала әкімдіктерінде жер бөлініп, өз тұқымбақтары құрылды. Арыста 0,86 гектарда, Қазығұрт ауданында 1 гектар жерде көшеттерді егу жұмыстары жүргізілуде.


Отырғызылған ағаштарды жазғы ыстық ауа-райында бірыңғай суғару үшін тамшылатып суғару жүйелері жаңартылып, қосымша 4 бассейнге су айдағыш құрылғылар орнатылады.