Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте көгалдандыру мен абаттандыру, қыс мезгілінен кейінгі жолдардың жай-күйі, кепілдік мерзіміндегі нысандар, сондай-ақ кеміргіштерге қарсы өңдеу және қаңғыбас жануарлар санын реттеу мәселелері қаралды.


Биыл Шымкентте көгалдандыру және қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі. Магистральды көшелер бойына шамамен 1,6 миллион сәндік бұта отырғызылып, заманауи тамшылатып суару жүйелері енгізіледі. Бұл жасыл желектің сапалы күтімі мен сақталуына мүмкіндік береді. Тігінен көгалдандыруға да басымдық берілген. Қаладағы алты негізгі көшеде 1600-ден астам құрылым, гүл құмыралары мен композициялар орнатылады. Бұл шаралар қала келбетін жақсартып қана қоймай, микроклиматқа да оң әсер етеді. Сонымен қатар, арнайы гүл базасы құрылып, жылыжайларда 2 миллионнан астам гүл өсірілуде. Бұл бюджет қаржысын тиімді пайдалануға жол ашады. Жол сапасына қатысты тексеріс нәтижесінде мердігерлерге 26 ескерту беріліп, ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде. Кепілдік міндеттемелер орындалмаған жағдайда материалдар сотқа жолданады. Санитарлық жұмыстар да күшейтілген. Ауыл шаруашылығы нысандары, шаруашылық құрылыстар, саябақтар мен қоғамдық орындар кезең-кезеңімен өңделуде. Сонымен қатар, үй жануарларын ұстау қағидаларын сақтау бақылауға алынып, талап бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жалпы, қабылданған шаралар қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға, аурулардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты тұлғаларға көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жандандыруды, жол инфрақұрылымын сапалы күтіп-ұстауды және санитарлық шараларды күшейтуді тапсырды.