Соңғы жылдары елімізде кибералаяқтық деректері күрт көбейді. Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылы 26 мыңға жуық интернет-алаяқтық қылмыстары тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары.
Қылмыскерлердің ең жиі қолданатын тәсілі – вишинг. Олар өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардан SMS-кодты сұрайды. Сонымен қатар, жалған хабарламалар мен «тиімді ұсыныстар» арқылы азаматтардың шоттарынан ақша аударып алады. Жалған сайттар жасап, жеке деректерді ұрлап алады. Тіпті, жасанды интеллектіні пайдаланып, адамның даусы мен бейнесін қолдан жасап, сенімге кіреді. Сондықтан сарапшылар азаматтарды барынша сақ болуға шақырады.