Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, жаңадан жасақталды. Нәтижесінде, құны 500 миллион теңгеден асатын, жалпы сомасы 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.
Биыл жалпы құны 369,4 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 5894 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестициялық штаб отырысында 2026 жылы жүзеге асырылатын жобаларға қатысты өзекті мәселелер тұрақты қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірге инвестиция тарту және жаңа жоба бастамашыларымен келіссөздер жүргізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда Сауран ауданындағы 7 ауылдық округте өндірістік парктерде 124 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қатар атқарылуда. Жетісай ауданында өндірістік парк құрылысы аяқталып, инфрақұрылым желілері тартылуда. Жобаларды орналастыру жұмыстары басталды. Түлкібас ауданындағы 3 ауылдық округте өндірістік парктер салынуда. Балықты ауылында мал бордақылау алаңдары шоғырланған өндірістік парк дайын. Ал Машат ауылында осы бағыттағы құрылыс жалғасуда. Мақтаарал ауданында өндірістік парк құрылатын аумақ нақтыланып, нысанның іргетасын қалау жұмыстары басталды. Созақ ауданында өндірістік парк шағын кешеннің базасында құрылып, оған 3 жоба орналастырылған. Облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар да қарқынды. «Наурызнама» шеңберінде «Тазару күніне» орай «Тазалық эстафетасы» мен «ТазаLIKE» экофестивалі барлық аудан мен қалада ұйымдастырылды. Аталған шараларға 40 мыңнан астам адам қатысып, 1000 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бір күнде 32 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 89 ауылдық округтегі 155 бұлақ көзі, 77 өзен бойы және 58 канал мен арық жағалауы тазартылды. Мұндай жұмыстар өңірдің барлық су көздерінде жалғасады.