Шымкентте жүргізуші куәлігін сатамын деп ондаған адамды алдаған интернет-алаяқ ұсталды. Күдіктіні полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері әшкереледі.


Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті TikTok арқылы алаяқтық схема ұйымдастырған. Арнайы парақшада ол жүргізуші куәлігін «жедел және қиындықсыз» алу қызметін жарнамалап, клиенттерді сенімді көрінетін бейнероликтер мен жазбалар арқылы тартқан. Нәтижесінде 45-ке жуық қазақстандық зардап шекті, келтірілген жалпы шығын 20 миллион теңгеден асты. Жедел іс-шаралар барысында күдікті қамауға алынды, қазіргі таңда оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы тексерілуде.