Ұлттық банк цифрлық теңгеге инвестиция салуға шақыратын алаяқтық оқиғалардың көбейгенін ескертті. Әлеуметтік желіде "цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы" жайында жарнама кеңінен тарала бастаған.


Онда алаяқтар мемлекет пен ұлттық банк атынан қысқа мерзім ішінде жоғары кіріс пен ақшаға кепілдік береді. Одан кейін фишингтік сайттарға өтуді сұрайды. Ал цифрлық теңге – ол ұлттық валютаның цифрлы түрі және заңды төлем құралы. Бірақ инвестициялық құралға жатпайды және пайда табуға арналмаған. Осыған байланысты ұлттық банк интернет желісіндегі жарнамаларда берілген сілтемеге өткенде және белгісіз нөмірлерден қоңырау түскенде сақ болуға шақырады. Ұлттық банк қызметкерлерінің аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салады.